2025 жылдың 25 қазанында JOS қаржы лицейінде еліміздің тарихындағы ең қастерлі мерекелердің бірі — Республика күніне арналған салтанатты шара өтті. Бұл күн — ел еркіндігі мен егемендігін айқындайтын, халқымыздың бірлігі мен рухының биіктігін дәріптейтін ерекше дата.

         «Мәңгілік ел — Тәуелсіз Қазақстан!» тақырыбында өткен мерекелік концерттің әр сәті Отанға деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезіміне толы болды. Шара Мемлекеттік Гимннің шырқалуымен басталып, залды ерекше рух пен патриоттық сезім кернеді.

         Бағдарлама барысында оқушылар поэзия, күй және ән арқылы туған жерге деген сүйіспеншілікті, ел рухының биіктігін көркем жеткізді. Көрермен жүрегін тербеген «Өлмейміз» және «Туған жер» әндері, «Әке толғау» биі, сондай-ақ Құрманғазының «Балбырауын» күйі тәуелсіздік мерекесінің шынайы ажарын ашты. Әр өнер нөмірі — ел тарихына тағзым мен болашаққа сенімнің айғағы болды.

         Сахнада ұлттық рух пен заманауи серпін қатар өріліп, жас ұрпақтың шығармашылығынан елге деген сүйіспеншілік айқын көрінді. Іс-шара соңында лицей әкімшілігі мен ұстаздар ұжымы мерекеге қатысқан оқушыларға алғыс айтып, Республика күнімен шын жүректен құттықтады.

        Бұл мерекелік кеш — ұлттың рухын асқақтатып, жас буынды елжандылық пен бірлікке баулитын маңызды тәрбие сабағына айналды.
         Республика күні — Мәңгілік Елдің нышаны, азаттық пен бірліктің мәңгілік мерекесі!