2025 жылдың қыркүйек айының жиырма бесінде 9 «А» сынып оқушылары Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайына саяхат жасады. Оқушылар мәдени ордаға метро арқылы жетіп, тарихи ғимаратпен танысты. Бұл мұражай – республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген сәулет өнерінің айрықша туындысы.

        Мұражайдың тәлімдік-тәрбиелік маңызы ерекше. Ол тек тарихи жәдігерлерді тамашалау ғана емес, жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп, рухани дамуына ықпал етеді. Мұражайда көрген экспонаттар арқылы оқушылар халқымыздың бай тарихымен, ерлік жолын қалдырған батырларымен, сондай-ақ ұлттық мәдениетімен жақынырақ танысты. Бұл – олардың бойында отансүйгіштік сезім мен ұлттық сана-сезімнің қалыптасуына зор үлес қосады.

       Экспозициялардағы суреттер мен мүсіндер балалардың эстетикалық талғамын арттырып, сұлулықты сезінуге баулиды. Ал еңбек құралдары мен тұрмыстық бұйымдар арқылы жасөспірімдер ата-бабамыздың тіршіліктегі табандылығы мен еңбексүйгіштігін түйсініп, еңбекке деген құрметін нығайтты. Сонымен қатар, мұражайда жүріп, оқушылар тәртіп ережелерін сақтауға, қоғамдық ортада өзін-өзі дұрыс ұстауға дағдыланды.

        Мұражай – тек уақытша қызықтап көретін орын емес, ол – жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін сарқылмас қазына. Экскурсия барысында оқушылар Қазақстанның әр аймағынан жиналған этнографиялық жәдігерлермен танысты. Олардың қатарында тұрмыстық бұйымдар, зергерлік әшекейлер, ұлттық киімдер, кілем, алаша, сырмақ, тұскиіз секілді халық өнерінің үлгілері болды. Сондай-ақ тері өңдеумен байланысты көне тұрмыстық заттар – торсық, мес, жағлан, кесеқаптар, ат әбзелдері, ерлер мен әйелдер аяқ киімдері назарға ұсынылды. Көшпелі қазақ халқының басты баспанасы болған киіз үй мен оның жабдықтары да оқушыларды ерекше қызықтырды.

       Мұражай қоры ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі мол деректерге бай. Шағатай, көне түркі, қазақ, араб, парсы тілдеріндегі қолжазбалар, құнды шежірелер мен діни жәдігерлер сақталған. Сонымен бірге тәуелсіз Қазақстанның саяси және әлеуметтік өмірін бейнелейтін экспонаттар – ұлттық валютаның алғашқы үлгілері, пошта маркалары, ғарыш саласына қатысты құжаттар мен заманауи қолөнер туындылары қойылған.

       Көрген-білгендерін қызыға тыңдаған оқушылар ерекше әсерге бөленді. Мұражайдың үш қабат, төрт үлкен залы бар екенін біліп, тарихи жәдігерлермен суретке түсті. Шетелдік қонақтардың қызығушылықпен тамашалағанын көріп, өз елінің мәдени байлығына деген мақтаныш сезімі оянды.

       Саяхат соңында 9 «А» сынып оқушылары көтеріңкі көңіл күймен тарасты. Мұражайда алған әсерлі дүниелері олардың жүрегінде ұзақ сақталып, болашақта да рухани азық болары сөзсіз.