2025 жылдың 19 қыркүйегінде JOS қаржы лицейінде қалалық жоспарға сәйкес кешенді оқу-жаттығулар өткізілді. Шаралардың басты мақсаты – төтенше жағдайлар кезінде оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, дұрыс әрі жылдам әрекет ету дағдыларын қалыптастыру болды. Сағат 11:00-де лицей аумағында ұйымдастырылған сейсможаттығу барысында мектеп ұжымы бекітілген эвакуация жоспарына сәйкес қимылдап, оқушылар сынып жетекшілерінің басшылығымен қауіпсіз аймаққа шықты.      

         Биылғы оқу жылында ауладағы орналасу сызбасы жаңартылғандықтан, жаңа тәртіпті меңгеруге ерекше көңіл бөлінді. Кураторлар өз сыныптарының тізімін пайдаланып, оқушылардың түгелдігін тексерді. Бұл – әр баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі болды.

         Сонымен қатар, лицейде химиялық қауіпті нысандағы ықтимал апат салдарын азайтуға арналған жаттығулар, өрт кезіндегі эвакуация және шартты зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету бойынша тәжірибелік іс-шаралары да көрсетілді. Барлығы 682 адам қамтылды, оның ішінде 583 оқушы мен 93 қызметкер белсенді қатысты.

Жаттығулардың оң нәтижелері – мұғалімдер мен оқушылар белгіленген эвакуация жолдары арқылы қауіпсіз аймаққа жедел шыға білді, қызметкерлер жағдайды жылдам бағалап, алғашқы көмек көрсетті, сейсможаттығу кезінде ғимараттағы адамдарды анықтау мен шығару шаралары ойдағыдай орындалды.

        Жалпы алғанда, оқу-жаттығулар өз мақсатына жетіп, оқушылар мен қызметкерлердің төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздік дағдыларын нығайтты. Мұндай шаралар балалардың тәртіптілігін, жауапкершілігін арттырып, ұжымдық ұйымшылдықты қалыптастырады.

       JOS қаржы лицейі алдағы уақытта да азаматтық қорғаныс талаптарына сәйкес оқу-жаттығуларды жүйелі түрде өткізіп, оқушылардың өмір қауіпсіздігін басты назарда ұстайтын болады.