2025 жылдың 1 қыркүйегінде JOS қаржы лицейінде жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты саптүзеу ерекше форматта өтті. Биылғы білім күні оқушыларды ертегі әлеміне жетелеген «Алиса ғажайыптар елінде» стилінде ұйымдастырылды.
Мектеп ауласы таңғы сәттен мерекелік көңіл-күйге бөленді. Фанфар әуенімен басталған салтанатты жиынға ұстаздар, ата-аналар және оқушылар жиналды. Мерекенің ең әсерлі сәті – мектеп табалдырығын алғаш аттаған 1-сынып бүлдіршіндерінің сахнаға шығуы болды. Олар өздерінің алғашқы ұстаздарымен бірге қошеметпен қарсы алынып, жүрекжарды жырларын арнады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы салтанатты түрде енгізіліп, Әнұран шырқалған соң, лицей директоры Айдос Ерланұлы Нұрғалиев барша қауымды жаңа оқу жылымен құттықтап, ақжолтай тілегін жеткізді.
Көрермендерді ерекше әсерге бөлеген қойылым – «Алиса ғажайыптар елінде» ертегісінің кейіпкерлерімен өткен бағдарлама болды. Алиса, Қызыл ханша, Шешірмелі мысық сынды кейіпкерлердің қатысуымен сахналанған ойын-сауық нөмірлері оқушыларды қиял мен ертегі әлеміне жетеледі.
Салтанаттың дәстүрлі бөлігі – алғашқы қоңырауды соғу құрметі 11-сынып түлектері мен 1-сынып оқушыларына берілді. Қоңырау сыңғыры жаңа оқу жылының басталғанын паш етіп, барлық шәкірттің жүрегіне үміт пен арман отын жақты.
Сонымен қатар мерекелік жиыннан кейін лицейде бірыңғай сынып сағаты өтті. Ол «Білімім – Отаныма» тақырыбына арналды. Бұл сабақта оқушылар білімнің құндылығы, туған жерге деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершілік жайында ой бөлісіп, жаңа оқу жылына тың серпін алды.
Білім күні ән мен жыр, би мен шаттыққа толы болып, лицей ұжымы мен оқушыларына жаңа бастамаларға жігер беріп, бірлік пен рухани серпіліс сыйлады.
