2026 жылғы 6 ақпан күні JOS Қаржы лицейі қабырғасында қосымша білім беру үйірмелерінің есептік іс-шарасы жоғары деңгейде өтті. Бұл күн лицей өміріндегі ерекше әрі мазмұнды оқиғалардың біріне айналды. Іс-шараның басты мақсаты – оқушылардың үйірмелердегі жетістіктерін көрсету, ата-аналарға балалардың бос уақытын қалай тиімді әрі нәтижелі өткізетінін таныстыру болды.
Есептік іс-шара барысында әр үйірме жетекшісі өз бағыты бойынша мастер-класстар, көрсетілімдер, жаттығулар мен шағын жарыстар ұйымдастырды. Спорттық бағыттағы волейбол, футбол, баскетбол, таэквондо, еркін күрес және үстел теннисі үйірмелерінде оқушылар негізгі техникаларды орындап, шеберліктерін паш етті. Ал шахмат үйірмесі жас спортшылардың көрсетілімдерімен қатар ата-аналармен бірлескен сеансты ойын форматында өтті.
Интеллектуалдық және шығармашылық бағыттар да ерекше қызығушылық тудырды. Дебат және шешендік өнер үйірмесінде ата-аналар мен оқушыларды ойландыратын өзекті тақырыпта ток-шоу ұйымдастырылды. Арт-терапия мен бейнелеу өнері үйірмесінде қатысушылар «Түнгі шамның жарығы» атты картинаны өз қолдарымен салып көрді. Робототехника алаңында жарыс элементтері, болидтер мен робосумо көрсетіліп, келген қонақтар құрылғыларды іске қосып, заманауи технологиямен жақын танысты. Ал мультипликация және анимация үйірмесі идеядан дайын цифрлық өнімге дейінгі шығармашылық жолды көрсетті.
Есептік іс-шара ата-аналар үшін ашық диалог алаңына айналып, балалардың қабілеті мен қызығушылығын тереңірек тануға мүмкіндік берді. Бұл күн JOS лицейінде қосымша білім берудің маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

