Жаңа жыл мерекесі – әрдайым жаңарудың, үміт пен шаттықтың символы. Осы игі дәстүр аясында 22–23 желтоқсан күндері JOS қаржы лицейінде оқушыларға арналған жаңа жылдық мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, лицей ұжымы мен білім алушыларға ерекше көңіл күй сыйлады.

          22 желтоқсанда бастауыш сынып оқушылары үшін жаңа жылдық шырша мерекесі өтті. Мерекелік шара барысында балаларды Аяз ата мен Ақшақар қарсы алып, көтеріңкі көңіл күй мен ертегі әлеміне жетеледі. Кішкентай көрермендер үшін арнайы шақырылған Мұрат Мұтырғанов циркі қызықты қойылым ұсынып, акробатикалық номерлер мен көңілді көріністер арқылы балалардың зор қошеметіне бөленді. Шырша маңындағы ойындар, әндер мен сыйлықтар бүлдіршіндер үшін ұмытылмас әсер қалдырды.

         23 желтоқсанда лицейдің мектеп парламенті 5–7 сынып оқушыларына арналған мерекелік бағдарлама ұйымдастырды. Ойындар, көңілді сайыстар мен тосынсыйлар арқылы оқушылардың белсенділігі мен ұйымшылдығы артты. Парламент мүшелерінің бастамасымен өткен бұл шара оқушылардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға және бірлесіп әрекет ету мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті.

         Ал 8–11 сынып оқушылары үшін жаңа жылдық дискотека өткізілді. Кеш барысында жастар жаңа жылдық вальс билеп, мерекелік музыка ырғағымен жылды жарқын көңіл күймен қорытындылады.

        Мереке аясында лицей атынан оқушылар мен мектеп қызметкерлеріне жаңа жылдық сыйлықтар таратылды. Білім ордасы арнайы жаңа жылдық шырша стилінде безендіріліп, мектеп дәліздері мен ортақ кеңістіктер мерекелік атмосфераға толы болды. Сонымен қатар, әр сынып өз кабинеттерін ерекше талғаммен безендіріп, шығармашылық пен бірліктің үлгісін көрсетті. Оқушылар арасында «Құпия Санта» ойыны ұйымдастырылып, балалар бір-біріне жылы лебіз бен тосынсый сыйлау арқылы мерекенің шынайы мәнін сезінді.

           Жалпы алғанда, жаңа жылдық мерекелер JOS қаржы лицейінде әр жас ерекшелігін ескере отырып, мазмұнды әрі жоғары деңгейде өтті. Бұл іс-шаралар лицейдегі ынтымақты, қолдау мен жағымды эмоцияға толы ортаны нығайтып, жаңа жылды жақсы көңіл күймен қарсы алуға мүмкіндік берді.